Қостанай станциясындағы Желілік полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкері, полиция кіші сержанты Абильмажинов Арсен Серікұлы ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2024 жылдың тамыз айында бастап, қазіргі қызметін 2025 жылдың ақпан айынан бастап атқарып келеді.
Арсен бала кезінен полиция қызметкері болуды армандаған. Мектепті бітірген соң, 2021 жылы Челябинск мемлекеттік университетінің Қостанай филиалына оқуға түсті. 2022 жылы Қостанай қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы ҚР Қарулы Күштерінің қатарында мерзімді әскери қызметке шақырылып, Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы Шолдала шекара бөлімшесінде борышын өтеді. 2023 жылы қатардағы жауынгер ретінде, барлаушы-кавалерист мамандығы бойынша запасқа шығарылды. Сол жылы оқуын «құқықтану» мамандығы бойынша жалғастырды.
Қысқа уақыт ішінде Арсен өзін кәсіби білікті, әріптестеріне үлгі бола алатын, құрметке лайық қызметкер ретінде көрсете білді. Ол үнемі өзін дамытуға тырысады, спортпен шұғылданады. "Полиция қызметкері әрдайым мықты және жинақы болуы тиіс", – дейді Арсен.
Арсен күнделікті қызмет барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, вокзал аумағы мен жолаушылар пойыздарында құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтарға көмек көрсету міндеттерін орындайды.
2025 жылдың 14 мамырында Қостанай станциясындағы теміржол вокзалын патрульдеу кезінде Арсен және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің заң факультетінің 18 жастағы студенті Аян Карбаев 29 жастағы ер адамды өз-өзіне қол жұмсаудан құтқарып қалды.
Полиция қызметкері мен студенттің бұл ерлігі – бірлескен, батыл әрекеттің жарқын үлгісі. Арсен кәсіби шеберлігін ғана емес, жоғары адамгершілік қасиеттерін де көрсетті. Бейжай қарамау, жедел әрекет ету және командалық рухтың арқасында адам өмірі аман қалды. Бұл оқиға – айналамызда әрдайым көмектесуге дайын адамдардың бар екенінің дәлелі. Нағыз батырлық – бұл жай сөз емес, ол – дер кезінде көрсетілген көмек.
Қазіргі таңда ер адамның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл оқиға жас полицей мен бейжай қарамаған азаматтың батыл әрекеттері арқасында бақытты аяқталды.