Кәсіби мереке — Қазақстан полициясы күні қарсаңында Көліктегі полиция департаментінің алаңында жеке құрамның гарнизондық саптық тексеріс өтті. Іс-шараның мақсаты – мереке күндері қоғамдық тәртіпті сақтау, жедел жағдайды тұрақтандыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Көліктегі ПД-нің жеке құрамы еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды. Мереке күндері көлік полициясының 1000-нан астам қызметкері кезекшілікке түседі.
Іс-шараға Департаменттің барлық жеке құрамы қатысты. Полиция қызметкерлері сапқа тұрып, жоғары саптық дайындықтары мен бұйрықтарды дәл орындау шеберліктерін көрсетті.
Мемлекеттік Ту салтанатты түрде биікке көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалғаннан кейін Көліктегі полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Айдос Рысбаев жеке құрамның сыртқы келбетін, киім үлгісінің жағдайын, қызметтік жетондар мен төсбелгілердің болуын, сондай-ақ қызметтік куәліктердің белгіленген талаптарға сәйкестігін тексерді. Ерекше назар қызметкерлердің саптық дайындығына аударылды.
Тексеру нәтижесінде көлік полициясы қызметкерлерінің күшейтілген режимде қызмет атқаруға толық дайын екендігі дәлелденді.
— Қылмыспен күресу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — біздің басты міндеттеріміз. Егер біз халықтан заң талаптарын сақтауды сұрасақ, өзіміз де мінсіз болуымыз керек. Әрбір полиция қызметкері Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жоғары кәсіби деңгейде және үлкен жауапкершілікпен орындауы тиіс, — деп атап өтті Айдос Рысбаев.
Іс-шара салтанатты шерумен аяқталды. Онда қызметкерлер сап түзеп, жинақылықтарын, саптық даярлықтарын және жоғары тәртіптерін көрсетті.
Айта кетейік, мұндай саптық байқаулар жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру, қызметкерлердің үлгілі сыртқы келбетін қалыптастыру және қызметтік тәртіпті нығайту мақсатында өткізіледі.