Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бері көлік полицейлері әуе рейстері барысында жасалған түрлі құқық бұзушылықтар үшін 207 адамды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орынға масаң күйінде келу бойынша 127 факті, әуе кемесінде шылым шегу бойынша 50, ұсақ бұзақылық бойынша 13 және басқа да құқық бұзушылықтар тіркелген.
Мәселен, ағымдағы жылдың 28 мамырында Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Сеул-Алматы» әуе рейсі кезінде құқық бұзушылық әрекеттерге жол берген Түркістан облысының 23 жастағы тұрғынын ұстады.
Әуе компаниясы өкілдерінің актісіне сәйкес, ұшу барысында жолаушы агрессивті мінез-құлық танытып, бейәдеп сөздер айтып, экипаж мүшелерінің заңды талаптарын орындаудан бас тартқан. Әуе кемесі қонғаннан кейін, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құқықбұзушы полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Нәтижесінде азаматша ұсақ бұзақылық жасағаны және әуе кемесінің бортында тәртіп ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске саламыз, деструктивті (тәртіпке қайшы) мінез-құлық жолаушылар мен әуе компаниясы қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Осыған байланысты ұшу кезінде экипаждың нұсқауларын қатаң сақтап, әуе кемесінің бортындағы қауіпсіздік ережелерін бұзбау қажет.