2025 жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуіне қатысты 554 факті тіркелді. Оның 401-і теміржол бойында жануарлардың болуына байланысты болған. Атап айтқанда, 142 жылқыны, 69 ірі қара малды, 30 ұсақ малды және т.б. қағып кету жағдайлары орын алған.
Мұндай оқиғалар қозғалыс қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіріп, апатты жағдайларды күшейтеді әрі адамдар мен жануарлардың өміріне қатер төндіреді. Мәселен, өткен тәулікте Павлодар облысында электровоз жылқыны, ал Маңғыстау облысында жүк пойызы ірі қара малды қағып кеткен. Сонымен қатар, Алматы және Түркістан облыстарында темір жол төсемінің бойында жайылып жүрген ірі қара және ұсақ малға соқтығысудың алдын алуға мүмкіндік туды.
Жоғарыда аталған барлық жағдайларда көлік полицейлері жануарлардың иелерін жедел анықтап, оларды теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Көліктегі ПД тағы да ескертеді: теміржол бойында малды қараусыз қалдыру – бұл тек әкімшілік құқықбұзушылық емес, сонымен қатар адам өмірі мен пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін әрекет. Мұндай немқұрайлық қайғылы оқиғаларға алып келуі мүмкін. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы жануарларының иелерін мал жаю тәртібін қатаң сақтап, оларды тәулік бойы бақылауда ұстауға шақырамыз.