Ағымдағы жылдың ақпан айында Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері арнайы операция нәтижесінде Испаниядан елордаға жеткізілген ірі көлемдегі есірткінің контрабандасын тоқтатты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Астана қаласындағы пошта бөлімшелерінің бірінен кәдімгі тауар ретінде жасырылған сәлемдеме табылды. Сараптама нәтижесінде оның құрамында 700 грамнан астам каннабис шайыры бар екені анықталды.
Сәлемдемені алмақ болған сәтінде 23 жастағы есірткі тасымалдаушы ұсталды. Оның тұрғылықты мекенжайын тінту барысында есірткіні бөлшектеуге арналған құралдар, таразы, орама материалдары және «жасырын орындар» арқылы жүйелі түрде сату фактілерін растайтын жазбалар табылды.
Тергеу барысында ұсталған азаматтың шифрланған мессенджерлер арқылы нұсқаулар алып, елорда аумағында есірткі заттарын бөлшектеп, таратумен айналысқаны анықталды.
Көлік полицейлерінің кәсібилігінің арқасында есірткі жеткізудің халықаралық арнасы жойылды.
Мамыр айында сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оны 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.