Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері «Сұлутөбе – Қызылорда» станциясының аралығында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында «Ральф» атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен есірткі затын заңсыз сақтау фактісін анықтады.
«Алматы – Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызында қызметтік ит жолаушылардың біріне белгі берді. Ол көршілес мемлекеттің 37 жастағы азаматы болып шықты.
Тексеру барысында ер адам өз еркімен ішінде жалпы салмағы 201 грамм болатын кептірілген марихуана есірткі заты бар целлофан пакетті тапсырды. Оның айтуынша, бұл есірткіні Алматы қаласынан жеке тұтыну мақсатында жинап алған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.
Сот шешімімен шетелдік азаматқа 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың басынан бері Көліктегі ПД қызметкерлері 153 есірткі құқық бұзушылығын анықтады, оның ішінде 27 өткізу фактісі, 6 аса ірі көлемдегі сақтау орны.
Заңсыз айналымнан 18 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 8 кг астам синтетикалық есірткілер.