Біз көбінесе педагогтар, дәрігерлер, әскери қызметкерлердің әулеттері туралы естиміз. Олар – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан кәсіби дәстүрдің, таңдаған мамандығына деген құрметтің символы. Мұндай отбасыларда балалар кішкентайынан жауапкершілік пен қызмет ету рухын бойына сіңіріп өседі. «Династия» сөзі – тұрақтылық пен сенімділікті, дәстүрге адалдықты білдіреді. Қазіргі заманда мұндай отбасылар сирек сияқты көрінуі мүмкін, бірақ олар әлі де бар және нығая түсуде. Соның айқын мысалы – Көліктегі полиция департаментімен тығыз байланысы бар Федуновтар отбасы.
Бұл династияның іргетасын қалаған – Алексей Валерьевич Федунов. Ол ішкі істер органдарында 25 жыл қызмет етті. Қарапайым милиция қызметкерінен бастап, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, жедел уәкіл, аға жедел уәкіл, қоғамдық қылмыстарды тергеу бөлімінің басшысы, кейін оперативтік жұмыс бойынша бастықтың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Қызметін полиция подполковнигі шенінде аяқтады. Кәсіби шеберлігі мен принципшілдігі үшін әріптестері арасында зор құрметке ие болды. ҚР ІІМ мен Көліктегі полиция департаментінің бірнеше марапаттарымен наградталған.
Оның ұлдары – егіздер Владимир мен Никита бала күнінен әкесінің полициядағы қызметі мен оқиғаларын тыңдап өсті. Әке тәрбиесі, отбасыдағы тәртіп пен рух – олардың өмірлік жолына бағыт берді. Мектепті бітірген соң, екеуі де ҚР ІІМ Актөбе заң институтіне оқуға түсіп, үздік курсанттар ретінде «Жылдың үздік курсанты» атағын иеленді. 2008 жылдың тамызында оқуын тәмамдап, Батыс Қазақстан облысындағы Орал стансасындағы Желілік полиция бөліміне қызметке жолдама алды.
Қазір полиция майоры Владимир Федунов – Орал стансасындағы ЖПб Әкімшілік полиция бөлімшесінің аға инспекторы, ал полиция майоры Никита Федунов – штаб бөлімшесінің инспекторы. Олар қызметін адал атқарып, өз мамандығын мақтаныш етеді. Қызметтен тыс уақытта да өзін-өзі дамытуға көңіл бөледі: Владимир – техника мен цифрлық технологияларға қызығушылық танытса, Никита – сурет салып, шығармашылықпен айналысады. Оның туындылары қызметтік бөлмелер мен үйдің қабырғаларын көркемдеп тұр.
Династия – бұл жай ғана бір мамандықты мұраға қалдыру емес. Бұл – кәсіпке деген терең құрмет, алдыңғы буынның жолын лайықты жалғастыруға деген ұмтылыс. Алексей Валерьевич ұлдарына біліммен қатар, адалдықты, халыққа қызмет ету, азаматтарға құрмет көрсету және тәртіпті болу секілді құндылықтарды да дарытты. Анасы Галина Гансовна да – бұл әулеттің маңызды тірегі. Ол қызметкер болмаса да, балаларына әрдайым рухани қолдау көрсетіп келеді.
Бауырлардың жарлары да – отбасылық өмір мен қызметті үйлестіруде сенімді серіктес. Олар жауапты қызметтің салмағын түсініп, отбасына тірек болып отыр. Түптеп келгенде, отбасындағы жылулық – олардың күш-қуаты мен шабыт көзі.
Федуновтар үшін 23 маусым – Қазақстан полициясы күні – ерекше мереке. Бұл – оларды тек отбасы ретінде емес, әріптес, қызметтес ретінде де біріктіретін күн. Бұл – «міндет», «абырой», «Отанға адал қызмет» деген ұғымдардың өмірлік жол екенін тағы бір дәлелдейтін күн.
Осындай династиялар көп болсын. Кәсіби шеберлік, адалдық пен елге қызмет ету дәстүрі жас ұрпаққа жол көрсетіп, оларды осы ізгі жолға ынталандыра берсін!
Кәсіби мереке — Қазақстан полициясы күні қарсаңында Көліктегі полиция департаментінің алаңында жеке құрамның гарнизондық саптық тексеріс өтті. Іс-шараның мақсаты – мереке күндері қоғамдық тәртіпті сақтау, жедел жағдайды тұрақтандыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Көліктегі ПД-нің жеке құрамы еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды. Мереке күндері көлік полициясының 1000-нан астам қызметкері кезекшілікке түседі.
Іс-шараға Департаменттің барлық жеке құрамы қатысты. Полиция қызметкерлері сапқа тұрып, жоғары саптық дайындықтары мен бұйрықтарды дәл орындау шеберліктерін көрсетті.
Мемлекеттік Ту салтанатты түрде биікке көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалғаннан кейін Көліктегі полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Айдос Рысбаев жеке құрамның сыртқы келбетін, киім үлгісінің жағдайын, қызметтік жетондар мен төсбелгілердің болуын, сондай-ақ қызметтік куәліктердің белгіленген талаптарға сәйкестігін тексерді. Ерекше назар қызметкерлердің саптық дайындығына аударылды.
Тексеру нәтижесінде көлік полициясы қызметкерлерінің күшейтілген режимде қызмет атқаруға толық дайын екендігі дәлелденді.
— Қылмыспен күресу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — біздің басты міндеттеріміз. Егер біз халықтан заң талаптарын сақтауды сұрасақ, өзіміз де мінсіз болуымыз керек. Әрбір полиция қызметкері Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жоғары кәсіби деңгейде және үлкен жауапкершілікпен орындауы тиіс, — деп атап өтті Айдос Рысбаев.
Іс-шара салтанатты шерумен аяқталды. Онда қызметкерлер сап түзеп, жинақылықтарын, саптық даярлықтарын және жоғары тәртіптерін көрсетті.
Айта кетейік, мұндай саптық байқаулар жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру, қызметкерлердің үлгілі сыртқы келбетін қалыптастыру және қызметтік тәртіпті нығайту мақсатында өткізіледі.
«Астана – Алматы» бағытындағы әуе рейсіне тіркеуден өту кезінде 30 жасар алматылық әуежай қызметкерінің тыйым салынған немесе жарылғыш заттардың бар-жоғы туралы сұрағына: «Иә» деп жауап беріп, кейін бұл жай ғана әзіл екенін айтқан.
Қауіп төнуі мүмкін деген хабарлама бірден тіркеліп, Астана әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері авиациялық қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, тексеріс жүргізді. Эвакуация жасауға ешқандай негіз анықталмағандықтан, әуежай қалыпты режимде жұмысын жалғастырды.
Іс материалдары қаралғаннан кейін жоғарыда аталған азамат ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды.
Көліктегі ПД азаматтарға қауіпсіздікке қатысты кез келген, тіпті әзіл түрінде айтылған мәлімдемелердің құқық бұзушылық болып саналатынын және заңда белгіленген жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.
Ағымдағы жылдың басынан бері еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде қоғамдық орындарда тиіскені үшін 2149 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 525 заңсыз такси жүргізушісі. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Шымкент қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері 38 жастағы қала тұрғынын анықтап, ұстады. Ол жолаушылардың мазасын алып тиісіп, жеке тасымалдау қызметін ұсынып, әуежай қызметкерін балағаттаған.
«Көлік полицейлері құқықбұзушыны қоғамдық орындарда тиіскені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартты. Іс материалдары сотқа жолдандыі», - деді полиция полковнигі.
Еске сала кетейік, әуеежайларда, теміржол вокзалдарында және басқа да қоғамдық орындарда адамдардың мазасын алып тиісуге және ұсақ бұзақылыққа жол берілмейді. Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, жолаушыларға ыңғайсыздық туғызады және көлік объектілерінің, тіпті тұтастай бүкіл елдің имиджіне айтарлықтай нұқсан келтіреді.
Бұл оқиға туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов хабарлады.
Оның сөзінше, Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері әуе рейсіне тіркеу кезінде «Астана – Пхукет» бағытындағы ұшаққа отырғалы тұрған 47 жастағы Түркия азаматын анықтап, ұстады. Ол әуе компаниясының өкіліне әзілдеп, өзімен бірге тыйым салынған заттардың бар екенін айтқан.
«Бұл ақпарат шұғыл тексеріліп, ңәтижесінде қатер расталмады. Дегенмен, бұл оқиға тіркеу қызметінің жұмысына уақытша кідіріс келтіріп, жолаушылар мен әуежай қызметкерлері арасында алаңдаушылық туғызды.
Көлік полицейлері шетелдік азаматты жауапқа тартып, сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынды.
«Қауіпсіздік қатерлеріне қатысты кез келген әзіл немесе мәлімдеме аса мұқият қарастырылады. Нақты қауіп болмаса да, мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып, көлік инфрақұрылымының тұрақты жұмысына айтарлықтай кедергі келтіреді және оның соңы әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады», – деп түйіндеді сөзін полиция полковнигі.
Ағымдағы жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері 38 568 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті, оның ішінде 2791 факт - спирттік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу, 273 факт - ұсақ бұзақылық және басқа да құқық бұзушылықтар.
Осындай жағдайлардың бірі 28 мамырда «Қызылорда–Көкшетау» бағытындағы жолаушылар пойызында орын алды. Сарышаған станциясында пойыз бастығының актісі бойынша көлік полицейлері 38 жастағы Сәтбаев қаласының тұрғынын түсіріп тастады. Әйел адамның мас күйінде болғаны, бейәдеп сөздер айтып, өзге жолаушыларға кедергі келтіріп, қоғамдық тәртіпті бұзғаны анықталды.
Медициналық куәландыру нәтижесі оның орташа дәрежеде мас болғанын көрсетті. Әйел адам қоғамдық орында мас күйінде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қосымша тексеріс барысында аталған азаматшаның бұған дейін де осындай құқық бұзушылық жасап, қоғамдық тәртіпті бұзғаны белгілі болды.
Көліктегі ПД пойыздағы тәртіпке әрбір жолаушы жауапкершілік артатынын еске салады. Алкогольдік ішімдіктер ішу, дөрекі мінез-құлық көрсету мен жанжал шығару – өзгелердің құқығын бұзу болып саналады әрі құқыбұзушы міндетті түрде тиісті жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бері көлік полицейлері әуе рейстері барысында жасалған түрлі құқық бұзушылықтар үшін 207 адамды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орынға масаң күйінде келу бойынша 127 факті, әуе кемесінде шылым шегу бойынша 50, ұсақ бұзақылық бойынша 13 және басқа да құқық бұзушылықтар тіркелген.
Мәселен, ағымдағы жылдың 28 мамырында Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Сеул-Алматы» әуе рейсі кезінде құқық бұзушылық әрекеттерге жол берген Түркістан облысының 23 жастағы тұрғынын ұстады.
Әуе компаниясы өкілдерінің актісіне сәйкес, ұшу барысында жолаушы агрессивті мінез-құлық танытып, бейәдеп сөздер айтып, экипаж мүшелерінің заңды талаптарын орындаудан бас тартқан. Әуе кемесі қонғаннан кейін, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құқықбұзушы полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Нәтижесінде азаматша ұсақ бұзақылық жасағаны және әуе кемесінің бортында тәртіп ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске саламыз, деструктивті (тәртіпке қайшы) мінез-құлық жолаушылар мен әуе компаниясы қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Осыған байланысты ұшу кезінде экипаждың нұсқауларын қатаң сақтап, әуе кемесінің бортындағы қауіпсіздік ережелерін бұзбау қажет.
2025 жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуіне қатысты 554 факті тіркелді. Оның 401-і теміржол бойында жануарлардың болуына байланысты болған. Атап айтқанда, 142 жылқыны, 69 ірі қара малды, 30 ұсақ малды және т.б. қағып кету жағдайлары орын алған.
Мұндай оқиғалар қозғалыс қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіріп, апатты жағдайларды күшейтеді әрі адамдар мен жануарлардың өміріне қатер төндіреді. Мәселен, өткен тәулікте Павлодар облысында электровоз жылқыны, ал Маңғыстау облысында жүк пойызы ірі қара малды қағып кеткен. Сонымен қатар, Алматы және Түркістан облыстарында темір жол төсемінің бойында жайылып жүрген ірі қара және ұсақ малға соқтығысудың алдын алуға мүмкіндік туды.
Жоғарыда аталған барлық жағдайларда көлік полицейлері жануарлардың иелерін жедел анықтап, оларды теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Көліктегі ПД тағы да ескертеді: теміржол бойында малды қараусыз қалдыру – бұл тек әкімшілік құқықбұзушылық емес, сонымен қатар адам өмірі мен пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін әрекет. Мұндай немқұрайлық қайғылы оқиғаларға алып келуі мүмкін. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы жануарларының иелерін мал жаю тәртібін қатаң сақтап, оларды тәулік бойы бақылауда ұстауға шақырамыз.
Ағымдағы жылдың ақпан айында Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері арнайы операция нәтижесінде Испаниядан елордаға жеткізілген ірі көлемдегі есірткінің контрабандасын тоқтатты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Астана қаласындағы пошта бөлімшелерінің бірінен кәдімгі тауар ретінде жасырылған сәлемдеме табылды. Сараптама нәтижесінде оның құрамында 700 грамнан астам каннабис шайыры бар екені анықталды.
Сәлемдемені алмақ болған сәтінде 23 жастағы есірткі тасымалдаушы ұсталды. Оның тұрғылықты мекенжайын тінту барысында есірткіні бөлшектеуге арналған құралдар, таразы, орама материалдары және «жасырын орындар» арқылы жүйелі түрде сату фактілерін растайтын жазбалар табылды.
Тергеу барысында ұсталған азаматтың шифрланған мессенджерлер арқылы нұсқаулар алып, елорда аумағында есірткі заттарын бөлшектеп, таратумен айналысқаны анықталды.
Көлік полицейлерінің кәсібилігінің арқасында есірткі жеткізудің халықаралық арнасы жойылды.
Мамыр айында сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оны 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
23 мамырда Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Астанадағы «Жерұйық» саябағында Балаларды қорғау күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Бұл көлік полициясы үшін игі дәстүрге айналған. Оған Департамент қызметкерлерінің 1 жастан 13 жасқа дейінгі 100-ден аса балалары қатысты. Олар таза ауада ойындар мен байқаулардан тұратын қызықты бағдарламаны тамашалады.
Мерекені Көліктегі ПД-нің Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Данияр Аитов салтанатты түрде ашып, балалар мен ата-аналарды мерейлі мерекемен құттықтады. Ол балалардың өсіп-дамуына қолайлы жағдай жасау және қамқорлық көрсету әрбір ересек адамның басты міндеті екенін атап өтті. «Мұндай іс-шаралар — балалардың есінде мәңгі сақталады және бұл оларға бақытты сәттер сыйлауға тамаша мүмкіндік береді», — деді полиция полковнигі. Сондай-ақ, ол балаларға баршаға зор денсаулық, ұзақ өмір және оқуда табыс тіледі.
Арнайы шақырылған аниматорлардың интерактивті ойындары, көңіл көтеретін шоулары, байқаулары мен өнер көрсетулері мерекенің шырайын келтірді. Әсіресе, Кинологиялық қызмет орталығының инспекторлары өткізген қызметтік-іздестіру иттерінің көрсетілімі балаларды ерекше әсерге бөледі. Расында кинологтардың төрт аяқты серіктерінің шеберлігі жиналғандарды таң-тамаша етті. Ал криминалист мамандар болса жасөспірімдерді заманауи криминалистикалық техникалар мен қылмыс іздерін анықтауға, алуға және тіркеуге арналған құрылғыларымен таныстырды.
Іс-шара барысында балаларға сыйлықтар таратылды. Ең бастысы — әрбір баланың жүзінде күлкі мен қуаныш ұялады. Сонымен қатар, балалар аниматорлармен және тәртіп сақшыларының төрт аяқты көмекшілерімен бірге суретке түсе алатын арнайы фотозона ұйымдастырылды. Жарқын фотосуреттер отбасылық альбомдарды көркейтіп қана қоймай, көңілді күннің естелігіне айналады.
Ойын-сауық арасында қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Балаларға әуежайлар мен теміржол вокзалдарында өзін-өзі ұстау ережелері, төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керек екені, сондай-ақ шұғыл қызметтердің маңызды телефон нөмірлері ойын түрінде түсіндірілді. Мұндай еркін атмосферадағы оқу балаларға пайдалы ақпаратты жақсырақ меңгеруге көмектеседі.
Жас қонақтар мен олардың ата-аналары көптеген жағымды эмоциялар, көтеріңкі көңіл-күй мен сергектік алды. Мұндай мерекелер алдағы уақытта да жалғаса беретін болады. Себебі олар сенім мен бірлікті нығайтып, балаларға басты адами құндылықтарды — махаббатты, мейірімділікті және қолдауды үйретеді.