Полиция музейінде ашық есік күні өтті

Полиция музейінде ашық есік күні өтті

Петропавл қаласы, Қазақстан Конституциясы көшесі, 70 мекенжайында орналасқан Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мұражайы баршаға есігін айқара ашты. Ашық есік күні 18 мамырда бүкіл әлемде атап өтілетін Халықаралық музейлер күніне орайластырылды.

Шара туралы хабарландыру әлеуметтік желілер мен чаттарда алдын ала таратылды. Қонақтар XVIII ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейінгі өңірдің ішкі істер органдарының қалыптасу тарихы мен дамуын көрсететін бірегей экспонаттар жинақталған музейдің төрт залына экскурсияға шақырылды. Музейге келушілер кіре берістегі баннерлер мен стендтерден негізгі кезеңдер мен ведомстволық тарихпен байланысты тұлғалар жайлы көрсетілген фотосуреттер мен қысқаша анықтамалармен танысты.

Келушілер колледждер мен мектептердің оқушылары, студенттер мен қала тұрғындары болды. Экскурсияны музей меңгерушісі Любовь Осинская мен қорларды сақтаушы Нина Бенграф жүргізді. Олар музей ісіне ондаған жылдарын арнаған отставкадағы полиция подполковниктері. Экспонаттармен танысудан бөлек, қонақтарға музейдің кинозалын тамашалау ұсынылды. Мұнда сирек кездесетін хроникалар мен бейнежазбалар көрсетілді.

Музей қызметкерлерінің еңбегі – тарих беттерін сақтау ғана емес. Олар өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеуге үлес қосады, түрлі мамандықтарды, туған өлкенің тарихын және Отанға қызмет етуді құрметтеуге тәрбиелеу жөніндегі жұмысты атқарады. Полиция музейі – өткен күннің естеліктері лайықты болашақты қалыптастыру үшін негіз болатын тарихи орын.