Жеңіс күнінде Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов, оның орынбасарлары, ардагерлер кеңесінің мүшелері және «Жас сақшы» мамандандырылған сыныбының оқушылары Петропавл қаласындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Полиция қызметкерлері әкімдік, басқа күштік құрылымдар, депутаттар, қоғам белсенділері және қала тұрғындарымен бірге сап түзеп, бейбіт өмір сыйлаған майдан мен тыл батырларының рухына тағзым етті. Гүл шоқтары Жеңіс саябағындағы стелаға да қойылды.
Ауа райының жаңбырлы болуына қарамастан, СҚО полиция департаментінің мәдени орталығының вокалдық тобы дайындаған концерттік бағдарлама қала тұрғындарының көңіл-күйін көтерді. Шынайы және әсерлі әндер көрермендердің жүрегінен орын тауып, Жеңіске жету жолындағы бірлік пен ата-бабаға деген ризашылықты бейнеледі.
Полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруды жалғастырып жатыр. Өңір тұрғындары мен қонақтары мереке күндерін жақсы көңіл-күймен және қауіпсіз өткізуі үшін тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.