Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы ҚР Ішкі істер министрлігі жариялаған Профилактика жылы аясында жедел уәкілдермен, тергеушілермен және анықтаушылармен кездесу ұйымдастырды.
Кездесу барысында басқарма қызметкерлері департамент аппаратының жеке құрамына еліміздегі ішкі істер органдарында заңдылықтың сақталу жай-күйі туралы ақпарат беріп, өңірдегі полиция қызметкерлері арасындағы тәртіп пен кәсіби жауапкершілік мәселелерін көтерді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің инспекторы Светлана Зайцева жемқорлықтың алдын алу мен жолын кесуге бағытталған қолданыстағы заңнамалық талаптар жайлы баяндама жасады.
Кездесуге СҚО ПД бастығының кеңесшісі, отставкадағы полиция полковнигі Ақан Сыздықов төрағалық етті. Ол полицейлерді өз міндеттерін адал атқаруға шақырып, бүгінде қызметке қажетті барлық жағдай жасалғанын атап өтті. «Погон қадірін сақтаған қызметкерді лайықты зейнетақы мен ардагер ретінде құрмет күтіп тұр. Ал заң бұзғандар — қылмыстық жауапкершілікке тартылады және мемлекеттік қызметке жолы жабылады», — деді ол.
Полиция қатарындағы жемқорлықпен күрес — халық сенімінің кепілі, «Заң және Тәртіп» қағидасын іске асырудың негізі. Осындай кездесулер облыстық полицияның басқа да бөлімшелерінде өткізілмек.