Полиция департаментінде тергеушілер мен анықтаушыларға арналған семинар өтті

Полиция департаментінде тергеушілер мен анықтаушыларға арналған семинар өтті

Қылмыстық істерді сапалы тергеу — көп жағдайда сараптама тағайындауға қажетті материалдарды дұрыс дайындауға байланысты. Осы мақсатта Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде тергеу және анықтау бөлімшелері қызметкерлеріне арналған семинар-кеңес өткізілді. Аудандық бөлімшелер онлайн бейнебайланыс арқылы қосылды. Іс-шараға сот-медицина саласында тәжірибесі мол маман — СҚО бойынша «Сот сараптамалар орталығы» филиалы бөлімшесінің меңгерушісі Олжас Ғаббасов шақырылды.

Сарапшы сот-медициналық және криминалистикалық сараптамаларды тағайындау тәртібі, зерттеу жүргізуге қажетті материалдардың көлемі туралы айтты. Материалдарды дұрыс әзірлемеу кейде оларды қайта жинауға мәжбүрлейді, бұл өз кезегінде тергеу мерзіміне кері әсерін тигізеді.

Олжас Ғаббасов заманауи ақпараттық технологияларды, соның ішінде 3D-модельдеу бағдарламаларын қолдану туралы да кеңінен түсіндірді. Мысалы, СҚО-ның бір ауданында болған тұрмыстық кісі өлтіру қылмысы осы технологияның көмегімен тез арада ашылған. Күдікті — марқұмның әйелі — жұбайы пышаққа өзі құлап түсті деп мәлімдеген. Алайда тергеу барысында сапалы жиналған материалдар мен 3D-модельдеу арқылы қан іздерінің динамикасы мен марқұмның қозғалысы қалпына келтірілді. Сараптама нәтижесі — жарақат тұрған күйінде әдейі салынғанын көрсетті.

СҚО ПД басшылығы тергеу сапасын арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Мұндай оқыту семинарлары алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп отырады.