Полицейлер шалғай аудандардың бірінде жасалған ірі мал ұрлығын ашты

Полицейлер шалғай аудандардың бірінде жасалған ірі мал ұрлығын ашты

Тимирязев ауданының полиция бөліміне мал ұрлығы фактісімен жергілікті ЖШС бірінің директоры жүгінді. Шаруашылығындағы мал басын түгендеу кезінде әулиекөл тұқымды 50 бас бұзауының жетіспейтінін анықтаған. Келтірілген залал сомасы 5 миллион 800 мың теңгені құрады.

ЖШС аумағына күзет қойылмаған, бейнебақылау камералары орнатылмаған. Ұрлық соңғы айда жасалған болуы мүмкін. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында кәсіпорынның 24 және 25 жасар екі жұмысшысының қатыстылығын анықтады.

Күдіктілердің сөзінше, бұзаулар бірнеше рейспен ұрланған және СҚО ауданының әр түрлі адамдарына сатылған. Қазіргі уақытта құжаттарының бар-жоғын сұрамай сатып алған адамдардан 25 бас бұзау қайтарылды, бұл жұмыс жалғасуда. Ірі көлемде мал ұрлағандары үшін күдіктілер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру жазасын арқалаулары мүмкін.

Полицейлер ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілердің өз мүліктерін сақтау және шаруашылықтарының техникалық қорғалуын нығайту шараларын қабылдауға шақырады.