«Жезқазған — Петропавл» автожолының 815-ші шақырымында, Шал ақын ауданындағы Кеңес ауылының маңында тіркемесі бар «КамАЗ» жүк көлігінің жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай жол жиегіне түсіп кеткен. Оған СҚО полиция департаменті құрамындағы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол үстіне шығуға көмектесті. Олар тағы бір жүк көлігін тауып, «КамАЗ» жолға шығарылды. Бұл уақытта тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Бұған дейін осыған ұқсас жағдай қараша айының соңында «Көкшетау – Рузаевка» автожолының 102 шақырымында орын алды. Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылына жетпей, «Volvo» фурасының жүргізушісі бұрылысқа сыймай, жолдан шығып кеткен. Оны байқаған патрульдік полицейлер үлкен трактор шақыртып, сүйреп шығарды. Көп ұзамай жүк көлігі сапарын жалғастырды. Қуанышқа орай, екі жағдайда да жүргізушілер зардап шекпеді.
«Қыс мезгілінде жүргізушілерді жолда мұқият болуға шақырамыз. Ауа-райы болжамы мен төтенше жағдайлар қызметінің хабарламаларын бақылап отырыңыздар, жол үстінде мұз пайда болуы мүмкін екенін ескеріңіздер. Елді мекендердің жанында, қауіпті учаскелерде, әсіресе, бұрылыстарда жылдамдықты төмендетуді ұмытпаңыздар, жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтаңыздар», - дейді ПД ППБ командирі полиция майоры Уәлихан Оразалин.