Полицейлер су тасқыны кезінде көмектескен Құрлық әскерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне алғыстарын білдірді

Полицейлер су тасқыны кезінде көмектескен Құрлық әскерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне алғыстарын білдірді

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері сәуір айының басында су тасқынына қарсы іс-шаралар кезінде көмек көрсетуге біздің өңірге келген әскери қызметшілерге алғыстарын айтты. Қызмет барысында ерекшеленген сарбаздар мен офицерлерді полиция басшылығы алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ олар үшін облыстық полиция ведомствосының құрамындағы мәдени орталықтың қызметкерлері ерекше концерттік бағдарлама әзірлеп, әннен шашу шашты.

«Астана» өңірлік қолбасшылығына кіретін 31775 әскери бөлімінің 300-ден астам әскери қызметшілері Петропавлға 8 сәуірде келген. Олар Петропавл ауыр машина жасау зауытына орналастырылды. Құрлық әскерлерінің тәжірибелі офицерлерінің басшылығымен сарбаздар және келісім-шартпен қызмет атқарып жүрген әскерилер келе салысымен күн-түн демей ашық аспан астында бөгеттер тұрғызды, эвакуациялау, күзету шараларына қатысты, тұрғындарға көмек көрсетті.

Құрлық әскерлерімен бірге Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5537 әскери бөлімінің сарбаздары Солтүстік Қазақстан жерінде иық тіресе қызмет атқарды. Олар жергілікті 6637 әскери бөлімінің ұлттықұландықтарымен, курсанттармен және полицейлермен бірге бекеттерде құқықтық тәртіпті сақтады, су басқан аймақтарды қоршауға алып патрульдеді.

Бірлесіп атқарған қызметтері үшін алғыс ретінде полиция департаментінің басшылығы әскерилерге патриоттық және лирикалық әндерден тұратын концерттік бағдарлама ұйымдастырды. СҚО Полиция департаментінің басқарма бастығы полиция полковнигі Абылғазы Ғабдуллин ерекшеленген офицерлерге, сержанттар мен ефрейторларға облыстық полиция бастығы полиция полковнигі Айдын Қабдұлдиновтың атынан алғыс хаттар табыс етті. 6637 әскери бөлімінде полицейлерге командирдің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары майор Шухрат Әшімов алғысын білдірді. Полицейлер әскери қызметшілерге Отан алдындағы борыштарын осылай лайықты атқарып, үйлеріне аман-есен оралуын тіледі.