Петропавл полициясына «102» қосымшасы арқылы 84 хабарлама келіп түсті

Петропавл полициясына «102» қосымшасы арқылы 84 хабарлама келіп түсті

Мереке күндері солтүстікқазақстандық полицейлер күшейтілген түрде қызмет атқарады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қала көшелерінде полиция мен әскерилердің жаяу жасақтары жүреді. Ал жол үстіндегі қауіпсіздікті автопатрульдер қадағалайды. Облыс орталығындағы тәртіпке жұмылдырылатын полицияның кешенді күштерінің жұмысын үйлестіру – Жедел басқару орталығына жүктелген.

Жыл басынан «102» арнасына 52 700-ден астам хабар келіп түскен. Оның 10 мыңнан астамы полицияның шұғыл түрде әрекет етуін қажет еткен. Барлық телефон қоңыраулары Жедел басқару орталығына келіп түседі және дәл осы жерде реттеледі. Орталық қызметкерлері тәулік бойы бейнебақылау камералары арқылы құқықтық тәртіпті қадағалап отырады. Петропавлда 410 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Жыл басынан олардың көмегімен 5764 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 37-сі – ұсақ бұзақылық, 1109-ы – қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішу және қалғаны Жол жүрісі қағидаларының бұзушылықтары.

СҚО ПД Штабы бастығының орынбасары полиция полковнигі Бақытжан Әлбековтің айтуынша, биылғы жылдың жаңашылдығы – бірізділік қағидаты бойынша хабарламалар қабылдаудың пилоттық жобасы. «102» мобильдік қосымшасы – полицияға кез келген ыңғайлы форматта жүгінуге болатын ІІМ-нің жаңа сервисі. Хабарламаны фото және бейнематериалдарды қосып жіберуге, сондай-ақ, бейнеқоңырау шалуға болады. Гео-локация қолданушының қай жерде тұрғанын көрсетеді, оның қоңырауын қабылдауға, егер ол өзі айта алмаған жағдайда оған кеңес беруге мүмкіндік береді. «SOS» батырмасы басылған жағдайда шұғыл түрде жасақ келуі мүмкін. Қалалық полицияға аталған сервис енгізілген күннен бастап 84 хабарлама келіп түсті. Оның басым бөлігі мәтін түрінде. 71 хабарлама бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 2 хабарлама Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Басқалары бойынша мәліметтер расталмағандықтан, олардың материалдары номенклатуралық іске тігілді. «102» қосымшасын тегін Google Play немесе App Store дүкендерінен жүктеп алуға болады.