23 наурызда Петропавл қ. ПБ Екінші полиция бөліміне ЖШС бірінің аумағынан жоғарғы қуатты 30 метр кабельдің жоғалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Келтірілген шығын 500 мың теңгені құраған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері облыс орталығының 19 бен 20 жастағы екі тұрғынын анықтаған. Олардың біреуі көрші кәсіпорында жұмыс істеген. Оның айтуынша, жас жігіт күн сайын жұмысқа бара жатқан тұста көзіне үнемі кабель түскен. Ұсталғандар ұрланған кабельді оқшаулауыш материалдан тазарту үшін отқа күйдірген. Металл қабылдау орнына 27 мың теңгеге тапсырып, оңай олжаға кенелген. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-т. «Ұрлық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Кабельдер қаскөйлердің назарына жиі ілігеді, — дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Марат Жұмалиев. — Тек наурыз айының өзінде кабель ұрлаудың төрт фактісі орын алған. Оның ішінде үш жағдайы ашылып, біреуі бойынша жедел-іздестіру іс-шарасы өткізілуде. Қаскөйлер кәсіпорындарға айтарлықтай шығын келтіріп, аз ғана қаражат үшін бостандықтарын бәйгеге тіккен. Кәсіпкерлердің назарын мүліктің қорғау бойынша шаралар қабылдау қажеттігіне аудартамыз. Көп жағдайларда күзеттің сауатты ұйымдастырылуы қылмыстың алдын алуға, адамдарды қылмыстық райынан қайтаруға сенімді тәсіл болады».