СҚО полицейлері Қарттар күні ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетті

СҚО полицейлері Қарттар күні ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетті

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері 1 қазанды аға буын өкілдеріне барудан бастады. Халықаралық қарттар күні тәртіп сақшылары ішкі істер органдарының ардагерлеріне дәстүрлі түрде құрмет көрсетеді. Өңірдегі ардагерлер ұйымында шамамен 1500 адам бар, оның 300-ге жуығы Петропавлда тұрады. Олар бүгін де жас қызметкерлерге тірек болып, кәсіби тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Қызметтік жұмыстың тығыздығына қарамастан, полицейлер ардагерлердің әрқайсысына жеке барып құттықтауға тырысады. СҚО ПД бастығы, полиция полковнигі Руслан Назаров СҚО ПД және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықовпен бірге 73 жастағы Мұрат Зияденұлы Ташетовтің үйіне барды. Мұрат Зияденұлы қатардағы милиционерден патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасарына дейінгі жолдан өтті. 1997 жылы еңбек демалысына шықты. Ол бүкіл қызмет жолын Петропавлда қоғамдық тәртіпті сақтауға арнады. Руслан Назаров ардагер мен жұбайын мерекемен құттықтап, гүл мен естелік сыйлық табыс етті.

Ақан Сыздықовтың айтуынша, аға буынды қолдау жүйелі түрде жүргізіледі: ардагерлерге медициналық қызмет алуға көмектесіп, мерейтой иелерін құттықтайды. Аудандық бөлімшелер де бұл жұмыстан тыс қалмайды. Жергілікті полицейлер ардагерлерге шаруашылық жұмыстарында көмектесіп, үй маңы мен бақшаларын ретке келтіреді. Жас қызметкерлер үшін бұл – мерекелік дәстүр ғана емес, аға буынға еңбегі, тәжірибесі мен адамгершілігі үшін алғыс білдіру мүмкіндігі.