
Жақсы дене дайындығы, табельдік қаруды меңгеру, заңнаманы білу – мұның бәрін Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде өткен «Үздік жедел уәкіл» байқауына қатысушылар дәлелдеуі керек болды. Байқау қорытындысы бойынша полиция майоры Рахат Ғалиасқаров жеңімпаз атанды.
Рахаттың жедел қызметтегі өтіліне 8 жыл болды. Ол Есіл аудандық полиция бөлімінде ауылдық жерде де, облыс орталығында да қызмет атқарған. Қазір СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, іздестіру бағыты бойынша жұмыс істейді.
Әріптестері оны білікті маман ретінде бағалайды. Биыл Рахат хабар-ошарсыз кеткен 15 адамның жүрген жерін анықтап, жедел-іздестіру жұмыстары барысында 7 қылмыскерді жеке өзі ұстады. Қызметтік іссапарлары кезінде Омбы мен Түмен қалаларында ауыр алаяқтық және ауыр ұрлық жасады деген күдікпен іздеуде жүрген екі қылмыскерді ұстады.
Қызметтік көрсеткіштері байқаудағы жетістігінің маңызды құрамдас бөлігі болды. Спорт залында, тирде және тестілеу барысында жоғары нәтиже көрсеткен Рахат жеңіске жетті. Бүгінде ол Астанада өтетін байқаудың республикалық кезеңінде облыс намысын қорғайды.