Петропавлда полицейлер «Назар аударыңыз: балалар!» іс-шарасы кезінде жоғалған жасөспірімді тапты

Петропавлда полицейлер «Назар аударыңыз: балалар!» іс-шарасы кезінде жоғалған жасөспірімді тапты

Петропавлда полицейлер хабар-ошарсыз кеткен 13 жастағы жасөспірімді тапты. Оның жоғалғаны туралы ақпарат сенбіге қараған түні, тәртіп сақшылары «Назар аударыңыз: балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс жүргізіп жатқан кезде түскен.

Іздеу жұмыстарына полицияның барлық қызметтері жұмылдырылды. Полицейлер жасөспірімнің таныстарының барлығын тексеріп, қараусыз қалған ғимараттарды, гараждар орналасқан аумақтарды және адам аз жүретін жерлерді қарап шықты. Іздеу нәтижесінде бала туыстарының үйінен табылды.

Жасөспірім бұған дейін де заң талаптарын бұзғаны үшін полицияның назарына бірнеше рет іліккен. Табылған жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сот шешімі бойынша оны арнаулы білім беру ұйымына жіберу мәселесі қарастырылуда. Айта кетейік, жыл басынан бері облыс орталығында заң талаптарын қасақана бұзған 9 жасөспірім осындай мекемелерге жіберілді.

Демалыс күндері ювеналдық полиция қызметкерлері рейдтік іс-шараларды жалғастырды. Полицейлер көңіл көтеру орындарын, компьютерлік клубтарды және жастар жиі баратын басқа да орындарды бақылауда ұстады.

Сонымен қатар профилактикалық есепте тұрған отбасылар тексерілді. Балалары отбасынан алынған ата-аналар баланы отбасына қайтару үшін оны алуға негіз болған себептер мен жағдайларды жоюы қажет. Әдетте бұл алкогольден бас тартуды және балаларды тәрбиелеуге тиісті жағдай жасауды білдіреді.

Жыл басынан бері Петропавлда 20 ата-ана ата-ана құқығынан айырылды, 13-інің ата-ана құқықтары шектелді. Бұған әдетте ересектердің қоғамға жат мінез-құлқы, алкогольді асыра пайдалануы және кәмелетке толмаған балаларға тиісті бақылаудың болмауы себеп болады. Бес жағдайда отбасылар түзелу жолына түсіп, ата-ана құқықтарын қалпына келтірді.