
Полицейлер Петропавлға аса ірі мөлшердегі есірткі партиясын әкелу әрекетінің жолын кесті. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Петропавл аумағында Өзбекстан Республикасының 25 жастағы азаматы ұсталды. Тінту кезінде жас жігіттің сөмкесінен 250 грамм синтетикалық есірткі — α-PvP тәркіленді.
Шетелдік азаматтың Қазақстан Республикасында заңды негізде жұмыс істегені анықталды: құрылыста еңбек етіп, самса пісірген. Алайда тәртіп сақшыларының мәліметінше, бір апта бұрын ол психотроптық заттар сататын интернет-дүкенге «жұмысқа орналасқан».
Ұсталған азаматтың айтуынша, ол «синтетика» партиясын Астана қаласындағы «жасырын орыннан» алып, Петропавлға оны бөліп орау және «жасырын орындарға» жасыру арқылы тарату үшін жеткізген. Қазіргі уақытта ол қамауда отыр. Аса ірі мөлшерде есірткі өткізу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.
Жыл басынан бері полицейлер Солтүстік Қазақстан облысына басқа өңірлерден есірткі жеткізудің 30 арнасының жолын кесті. 225 есірткі құқық бұзушылығы тіркелді, оның 99-ы есірткі өткізудің фактілері.
Тәртіп сақшылары атап өткендей, әдетте есірткіні байланыссыз өткізуге арналған қылмыстық схемаларға қатысушылар интернет-дүкендерде екі айдан артық жұмыс істеп үлгермейді. Одан кейін — ұстау, сот және кемінде 7 жылға бас бостандығынан айыру.
Полицейлер азаматтарды ойлануға және «жеңіл ақшаға» қызықпауға шақырады.