Солтүстік Қазақстан полициясы экологиялық акцияны жеке үлгісімен қолдады

Солтүстік Қазақстан полициясы экологиялық акцияны жеке үлгісімен қолдады

Кезекшілік пен патрульдеуден бос уақытта полиция қызметкерлерінің өздеріне бекітілген аумақтардың тазалығын қамтамасыз етуі – қалыптасқан жақсы дәстүр. 19 қыркүйекте Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day қарсаңында және «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары ұйымдасқан түрде тазалық жұмыстарына шықты. Барлық қызметтер мен бөлімшелердің қызметкерлері күн сайын қызмет атқаратын әкімшілік ғимараттар маңындағы аумақтарды ретке келтірді: күзгі жапырақтарды жинап, қоқысты шығарды, ағаштар мен жиектастарды әктеді. Полицейлер тәртіптің жеке үлгіден және туған өлкеңе ұқыпты қараудан басталатынына сенімді. Сонымен қатар өңірде ауқымды профилактикалық және бақылау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері 94 мобильді топ 2,1 мыңнан астам рейд өткізіп, экологтармен бірлесіп 271 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісін анықтап, жойды. Жалпы 2024 жылғы сәуірден бері ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны және абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін СҚО полицейлері 39 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Осылайша «Таза Қазақстан» мен «Заң мен тәртіп» қағидаттары экологиялық заңнаманың сақталуын бақылаудан бастап, туған көшелерді абаттандыруға жеке қатысуға дейінгі күнделікті нақты жұмыстармен бекемделіп келеді.