
Солтүстікқазақстандық полицейлер Отбасы күнін қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтпеді. Мұның себебі түсінікті: тәртіп сақшылары үшін демалыс күндері де күшейтілген қызмет режимі мен облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. Сондықтан жылы әрі шынайы кездесу сәл кейінірек өткізіліп, ведомство залында бірнеше буын өкілдері – еңбегі сіңген ардагерлерден бастап, қызметтегі офицерлер мен «Жас сақшы» сыныбының оқушыларына дейін бас қосты.
Кездесуді ашқан СҚО ПД бастығы, полиция полковнигі Руслан Назаров отбасының берік тылы қызметтік борышқа адалдықтың тірегі екенін атап өтті. Өйткені қызметкер қызметке отбасынан аттанып, күрделі ауысымнан кейін қайтадан сол шаңырағына оралады. Полиция қызметі күн сайын тәуекелмен байланысты, ал әрбір жетістіктің артында жақын жандардың қолдауы тұр.
Адам өмірін құтқарғаны үшін әр жылдары «Ерлігі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған офицерлерге ерекше назар аударылды. Кезекшіліктен бос болған 15 марапат иесінің арасынан Бахтияр Дощанов, Жәнібек Әнуарбеков, Қанат Балтабаев, Руслан Ақматов және Азат Зейнолов кездесу залына келді. Олардың ерлік көрсеткен сәттері LED-экраннан көрсетіліп, жастардың шынайы қошеметіне бөленді.
Сондай-ақ көпжылдық қызмет өтілі бар белгілі полиция әулеттері де құрметке ие болды. Олардың қатарында жалпы еңбек өтілі 78 жылды құрайтын Қошмағамбетовтер әулеті бар: атасы Әнуар Қошмағамбетұлы, әкесі Ерген Әнуарбекұлы жұбайы Күләй Жұмағалиевнамен, ұлы Ермек және немересі, полиция аға лейтенанты Жәнібек Әнуарбеков. Ал Әміровтар әулетінің жалпы қызмет өтілі – 65 жыл: әкесі Нұрғали Әмірұлы Асриев, ұлы Ермек Әміров жұбайы Динарамен, екінші ұлы Айбатыр Әміров жұбайы Әйгеріммен бірге полицияда қызмет атқарып келеді.
Погон таққан қызметтегі отбасылық жұптар да назардан тыс қалмады. Азамат пен Мақпал Жамуковтар екі бала тәрбиелеп отыр, екеуінің жалпы қызмет өтілі – 28 жыл. Ерлан мен Әйгерім Уәкишевтердің үш баласы бар, жалпы қызмет өтілі – 24 жыл. Қайыргелді мен Гүлмира Бимолдаевтардың екі баласы бар, ал екеуінің полициядағы жалпы еңбек өтілі 22 жылды құрайды.
Ұрпақтар сабақтастығының негізі – ардагерлердің тәжірибесі. Осыған байланысты Қапез бен Наталья Дәулетбаевтарға, Нұрғали мен Қаншайым Уразалиновтерге, сондай-ақ Александр мен Елена Дёровтерге алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Дәстүр сабақтастығын сақтау мақсатында «Жеті ата – жеті қазына» бейнероликтер байқауының қорытындысы шығарылды. Бірінші орынды Жұлдыз бен Демеу Бағыт иеленді.