Петропавлда «сөйлейтін» дрон жаяу жүргіншілерге «үн қатты»

Петропавлда «сөйлейтін» дрон жаяу жүргіншілерге «үн қатты»

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері ерекше профилактикалық акция өткізді. Петропавлда Жұмабаев көшесіндегі «Dostyq mall» сауда-ойын-сауық орталығы маңындағы қиылыста жаяу жүргіншілерге дауыс зорайтқыш құрылғымен жабдықталған дрон үн қатты.

«Жаяу жүргінші, назар аудар! Асықпа! Жолдың алдында тоқта. Сол жаққа қара... енді оң жаққа қара. Жүргізуші сені көріп, жол беріп тұрғанына көз жеткіз. Барлығы қауіпсіз бе? Онда жолдан өт», – деген сөздермен дрон таңғалған жаяу жүргіншілерге үндеу жасады.

Сегіз айда СҚО-да 342 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 28 адам қаза тауып, 490 адам жарақат алды. Оның 112-сі жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған: төрт адам қаза тауып, 114 адам жарақат алған. Яғни зардап шеккендер бар жол-көлік оқиғаларының шамамен үштен бірін жаяу жүргіншілерді қағып кету деректері құрайды.

Жолды белгіленген жерден кесіп өтсеңіз де, аса сақ болу қажет. Жыл басынан бері жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермеуінен 15 адам көлік дөңгелегінің астына түскен.

Осы жағдайлардың барлығы полицейлердің ескертуін ерекше өзекті етеді. Дрон арқылы таратылған аудиожазбада: «Телефонды қой – жол алаңдайтын жер емес. Өзіңді сақта. Ережені сақта!» деген сөздер де айтылды.

Акция «Жаяу жүргіншіге назар аударыңыз!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – ескерту және алдын алу. Оның барысында оқушылармен және ересектермен ондаған түсіндіру кездесуі өткізілді.

Сонымен қатар «Жаяу жүргіншіге назар аударыңыз!» іс-шарасының үш күнінде Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 282 дерегі анықталды. Оның ішінде қиылыстардан өту ережелерін бұзудың 88, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін бұзудың 53 дерегі және жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушылары тарапынан жасалған 135 бұзушылық бар.