
Солтүстік Қазақстан облысында 21 мыңнан астам құқық бұзушы салынған айыппұлдарды төлеуден жалтарып жүр. Полицейлер берешекті өндіріп алу бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл ретте тәртіп сақшылары түпкі мақсат жазалау емес, адамдарды қорғау және заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу екенін атап өтеді.
Жыл басынан бері облыста 250 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Олардың басым бөлігі – Жол қозғалысы ережелерін бұзу. Мәселен, жылдамдықты асырудың 115 мыңнан астам дерегі анықталды. Бұл – жол-көлік оқиғаларына және адамдардың өмірі мен денсаулығына ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін ең қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі.
15-17 қыркүйек аралығында Солтүстік Қазақстан облысында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Полицейлер төленбеген әкімшілік айыппұлдары бар құқық бұзушылармен рейдтер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. «Борышкер» іс-шарасының алғашқы күнінде СҚО тұрғындары 574 айыппұл төледі.
Полицейлер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін бір апта ішінде айыппұл сомасының тек 50 пайызын төлеуге болатынын еске салады. «Заң мен тәртіп» қағидаты белгіленген талаптарды сақтауды ғана емес, оларды бұзғаны үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын да білдіретінін түсіну маңызды.