
Қараңғы көшеде бейтаныс адам аңдып келе жатса, өзіңді қалай қорғауға болады? «Жай ғана әзілдегім келген» деген ниетпен жасалған әрекет үшін сотталушылар орындығында қалайша отыруға болады? Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бөлімшелерінің басшылары мен тәжірибелі қызметкерлері мектептер мен колледждерде жасөспірімдердің осы сауалдарына жауап беруде.
СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әлибек Ғабдуллин Жоғары құрылыс-экономикалық колледжіне барды. Оны 270-ке жуық бірінші курс студенті тыңдады. Ол ойланбай жасалған әрекеттердің салдары туралы айтып, қылмыс жасаған жасөспірімдер жазасын өтеп жатқан түзеу мекемелері туралы фильм көрсетті.
Ол буллинг пен сталкингтің, яғни қорлау мен адамды қасарыса қудалаудың алдын алуға ерекше назар аударды. Сондай-ақ дропперлік — өздерінің банк карталарын, шоттарын немесе өзге де төлем құралдарын сыйақы үшін үшінші тұлғаларға беру мәселесі талқыланды. Мұндай схемаларға қатысқаны үшін айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жауапкершілік қарастырылған.
Осы тақырыптар бойынша СҚО ПД арнайы және кәсіптік даярлау бөлімінің қызметкерлері Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттерімен де әңгімелесті. Студенттердің бірі қараңғы тұйық көшеде бейтаныс адам аңдып келе жатса, не істеу керектігін сұраған кезде, әңгіме практикалық сипатқа көшті.
Арнайы даярлық бөлімінің офицерлері жағдайды талдап, өзін-өзі қорғаудың негізгі тәсілдерін көрсетті. Олар ең дұрысы — кеш уақытта тұрғын үйден тыс жерде жүрмеу екенін атап өтті. Қауіпті байланыстан аулақ болып, адам көп жиналатын әрі жарық жерге баруға тырысу керек, қажет болған жағдайда полиция шақырған жөн. Мұны «Заң мен тәртіп» сервисі немесе «102» қосымшасы арқылы оңай жасауға болады.
Полицейлердің айтуынша, мектеп оқушылары мен студенттермен өткізілетін профилактикалық әңгіме жай ғана ресми дәріс емес, нақты жағдайларды талқылап, жасөспірімдерді алаңдататын сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік беретін жұмыс болуы керек. Түсіндіру жұмыстары полицейлер тарапынан тұрақты түрде жүргізіледі және «Балалар, назар аударыңыздар!» және «Жасөспірімдер бақылауы» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында күшейтілді.