
Петропавлда Отбасы күніне орай «Отбасылық тимбилдинг – бірлігіміз күште!» атты интерактивті квест-викторина ұйымдастырылды. Іс-шараны қалалық Жастар ресурстық орталығы өткізді.
Бес отбасылық команда қатысқан сайыста жанұялар тапқырлық, өзара түсіністік пен бірлесе әрекет ету қабілеттерін сынады. Квест бірнеше тақырыптық станциядан құралды. Әр кезеңде қатысушылар түрлі қызықты тапсырмаларды орындап, білімдерін ортаға салды.
Іс-шараға Полиция қызметкерлері мен бейінді сала мамандары да атсалысты. Тәртіп сақшылары есірткі қылмысының алдын алу және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу тақырыптарында арнайы викториналар ұйымдастырды.
Тапсырмалар арқылы қатысушылар уақыттарын қызықты өткізіп қана қоймай, отбасы мүшелерімен бірлесе шешім қабылдаудың, бір-біріне қолдау көрсетудің маңызын түсінді. Сонымен қатар балалар мен ата-аналар қауіпсіздік ережелері мен түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу жолдары туралы пайдалы ақпарат алды.
Шара «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламалары аясында өтті. Басты мақсат – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жанұя мүшелері арасындағы өзара түсіністік пен қолдауды нығайту, сондай-ақ қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.
Квест соңында жас қатысушыларға демеушілер тарапынан сыйлықтар табысталды. «Мир аттракционов» ЖШС директоры Александр Козловтың қолдауымен балалар аттракциондарға тегін билеттерге ие болды.