
Солтүстік Қазақстан облысында «Челябі – Новосібір» республикалық маңызы бар автожолдың 562-шақырымында Toyota Alphard автокөлігі бұланмен соқтығысқан. Жануар қаза тапты. 57 жастағы жүргізуші зардап шеккен жоқ, автокөлік механикалық зақымданып, оны эвакуатормен алып кетуге тура келді.
СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күзде жабайы жануарлардың жолды жиі кесіп өтетінін еске салады. Әсіресе «Петропавл – Қостанай», «Петропавл – Жезқазған», «Челябі – Новосібір» автожолдарында жануарлармен соқтығысу қаупі жоғары.
Тамыз айының соңында осындай жол-көлік оқиғалары тіркелді. Олардың барлығы тәуліктің қараңғы уақытында, орман алқаптарына жақын жерде болған. Аққайың ауданында Hyundai Tucson автокөлігі қабанды қағып, жануар қаза тапты. Есіл ауданында Hyundai Staria автокөлігінің алдынан кенеттен шыққан елік көлікке соғылған. Екі жағдайда да адамдар зардап шеккен жоқ, автокөліктер зақымданды.
Полицейлер жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, қарсы келе жатқан көлік жүргізушілерін алыстан түсетін жарықпен шағылыстырмауға және қауіпсіздік белдігін тағуға шақырады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тәуліктің қараңғы уақытында, орман жолға жақын орналасқан учаскелерде және бұрылыстарда аса сақ болуға кеңес береді. Жолда қозғалған кезде жүргізушілер жол жағдайын мұқият бақылап, Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы қажет.