
Қыркүйек айының алғашқы күндерінен бастап кибералаяқтар Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына жаңа тәсілмен қоңырау шала бастады.
Қаскөйлер өздерін ХҚКО немесе eGov қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарға электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) қолданылу мерзімін ұзарту қажет екенін айтады. Әңгіме барысында телефонның пернетақтасынан келісімін растау үшін «1» батырмасын, ал бас тарту үшін «3» батырмасын басуды сұрайды.
Осыдан кейін азаматқа аталған ұйымдардың қызметкері ретінде хабарласады. Олар адамның басқан санына байланысты оның жеке кабинеті бұзылғанын және атына несие рәсімделгенін айтады. Алаяқтар жағдайды «реттеудің» жалғыз жолы — «айна» несие рәсімдеп, алынған қаражатты «қауіпсіз шотқа» аудару деп сендіреді.
Шын мәнінде, бұл — алаяқтардың арбауына түсірудің жаңа тәсілі.
Ақша қаскөйлердің бақылауындағы шоттарға аударылады.
Соңғы күндері полицейлерге осындай 20-ға жуық қоңырау туралы ақпарат келіп түскен. Бұл — азаматтардың «102» арнасына хабарлаған фактілері. Жаңа тәсіл бойынша бір қылмыс тіркелді: Облыс аудандарының бірінде тұратын 44 жастағы тұрғын алаяқтарға сеніп, 4 миллион теңгесінен айырылған.
Қазіргі уақытта осы тәсілге қатысты басқа қылмыс фактілері тіркелген жоқ. Полицейлердің профилактикалық түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде көптеген тұрғындар алаяқтардың жаңа тәсілін танып, қоңырауларға сақтықпен қарай бастаған.
Маңызды: ХҚКО және eGov қызметкерлері азаматтардан банк карталарының деректерін, шоттағы қаражат туралы ақпаратты немесе басқа да банктік құпия мәліметтерді талап етпейді. Мұндай қоңырауларға сенбеңіздер және бөгде адамдардың нұсқауы бойынша несие рәсімдеп, ақша аудармаңыздар.
Сегіз айдың қорытындысы бойынша СҚО-да 389 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға жуық төмен. Оның ішінде 248 фактісі қаскөйлердің азаматтарды ірі көлемде несие рәсімдеуге көндіретін түрлі алаяқтық схемаларымен байланысты.
Полицейлер солтүстікқазақстандықтарды QR-код арқылы өтуге болатын WhatsApp мессенджеріндегі арнайы топқа қосылуға шақырады. Онда тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықтың кең тараған тәсілдері туралы ақпарат беріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап береді.
Сонымен қатар азаматтар кеңес алу немесе киберқылмыс туралы хабарлау үшін +7-708-022-09-45 сенім телефонына анонимді түрде хабарласа алады.