
Қытай ақынының есімін орыс және қазақ тілдеріне сүйене отырып табу, испан жазушысының нақыл сөзі мен қазақтың халық мақалы арасындағы байланысты анықтау – Қазақстан халқының тілдері күніне арналған зияткерлік викторинаға қатысқан солтүстікқазақстандық полицейлер осындай ерекше тапсырмаларды орындады.
Ойынды Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада ұйымдастырды. Полицияның алты қызметкері мемлекеттік органдардан құралған он команданың біріне кірді. Қатысушылардан тек тілдерді және әлемдік мәдени мұраны білумен қатар, тапқырлықты талап ететін тосын әрі қызықты тапсырмаларды орындау сұралды.
Мысалы, 1978 жылы шыққан ағылшынтілді «Eruption» тобының әнінен VIII ғасырда өмір сүрген әйгілі қытай ақынының есімін табу керек болды. Шарт бойынша оның қазақша және орысша атаулары бір әріптен басталады. Бұл – Ван Вэй. Ал оған «One Way Ticket» атты белгілі ретро-хит әні көмектесті.
Жазушы де ла Серна қандай тағамды ұрлық деп атағанын және қазақ халқы оны адамдардың белгілі бір санатының дене мүшесімен қалай салыстырғанын «Сөзге шешен адамның тілі – бал» деген мақалды білу арқылы анықтауға болды.
Ойынға қатысқаны үшін полицейлер командасына алғыс хат табысталды. СҚО ПД басшылығы мұндай іс-шараларға қатысу күнделікті қызметтегі қарбаластан бір сергіп қалуға ғана емес, қызметкерлердің жан-жақты дамуына, патриоттық сезімін нығайтуға, Қазақстанда тұратын халықтардың тілдері мен мәдени мұрасына терең құрмет қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.