
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Петропавл аумағында синтетикалық есірткі таратудың кезекті әрекетінің жолын кесті. 12 тамызда тәртіп сақшылары Петропавлға таксимен келген Астана қаласының 27 жастағы тұрғынын ұстады.
Оның рюкзагынан таратуға дайындалған үш орама және тағы бір орама тәркіленді. Соңғысы астаналық тұрғынның қалтасынан табылды.
Сараптама олардың құрамында синтетикалық есірткі — α-PvP бар екенін көрсетті. Тәркіленген заттың жалпы салмағы 230 грамды құрады. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам психотроптық заттарды тарататын интернет-дүкенде тасымалдаушы және есірткі заттарын жасырын орындарға орналастырушы қызметін атқарған.
Оның айтуынша, интернет-дүкенде жұмыс істей бастағанына шамамен екі апта болған және Петропавлға есірткімен екінші рет келген. Аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстанда полицейлер заңсыз айналымнан 462 есірткі затын тәркіледі. Оның ішінде 8 келісі — синтетикалық есірткі.