Петропавлдағы тұтас бір көшенің зейнеткерлері алаяқтыққа қарсы чатқа қосылды

Петропавлдағы тұтас бір көшенің зейнеткерлері алаяқтыққа қарсы чатқа қосылды

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері зейнеткерлерге, білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған WhatsApp-та үш топ құрды. Қатысушылар күн сайын интернет-алаяқтыққа қатысты ақпарат пен кибералаяқтардың арбауына түсіп қалмауға көмектесетін пайдалы кеңестер алады.

Қатысушылар кез келген уақытта чатқа жазып, сұрақ қоя алады. Топтарда полиция, прокуратура және мемлекеттік органдардың қызметкерлері бар. Олар тұрғындарға кеңес беріп, күмәнді жағдайларды анықтауға көмектеседі.

Полиция қызметкерлері профилактикалық кездесулер барысында аталған топтарға қосылуға арналған QR-кодтарды таратады. Осындай жұмыс Петропавлдағы Сәтбаев көшесінде бірыңғай профилактика күні аясында өткізілген кең ауқымды іс-шара кезінде де жүргізілді.

Іс-шараға полицияның барлық бөлімшелері жұмылдырылып, профилактикалық есепте тұрған адамдар тексерілді. Жергілікті тұрғындармен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, интернеттегі қылмыс қаупіне ерекше назар аударылды.

Тәртіп сақшылары егде жастағы қала тұрғындарының барлығына зейнеткерлерге арналған топқа қосылуды ұсынды. Полицияның пікірінше, профилактиканың бұл жаңа форматы солтүстікқазақстандық қарттардың алаяқтық схемалары туралы хабардарлығын арттырып, алаяқтардың арбауына түспеуге көмектеседі. Бұл әсіресе өзекті, өйткені қашықтан жасалатын алаяқтықтың құрбандарының әрбір төртіншісі — зейнеткер. Жыл басынан бері 363 адам зардап шексе, оның 88-і — зейнеткерлер.

Қазіргі уақытта топтарға шамамен 400 зейнеткер, 500 медицина қызметкері және 300 педагог қосылған.