
Балалардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтау, олардың қараусыз қалуының, зорлық-зомбылыққа ұшырауының және құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуының алдын алу — 15 тамыздан бастап өткізіліп жатқан «Назар - балаларға» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі міндеттері.
Полицейлер прокуратура қызметкерлерімен, қорғаншылық органдарының өкілдерімен және әлеуметтік педагогтермен бірлесіп, ерекше назардағы отбасыларды, сондай-ақ кәмелетке толмағандар болуы мүмкін орындарды тексеруде.
Петропавлдағы түнгі ойын-сауық орындарының бірінде полицейлер түнгі уақытта жұмыс істеген 16 жастағы даяшыны анықтады. Ойын-сауық орнының иесі мен кәмелетке толмағанның ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары профилактикалық есепте тұрған отбасыларды тексеруде. Тексерулердің бірінде полицейлер бұған дейін кәмелетке толмағанның құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бойынша проблемалар туындаған отбасына қайта барды. Тексеру барысында жағдайдың әлі де тұрақтанбағаны анықталды. Анасына қатысты заңнамада көзделген шараларды қабылдау, оның ішінде ата-ана құқығынан айыру мәселесі қарастырылуда.
Екі күн ішінде полицейлер 23 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның 21-і — түнгі уақытта көшеде жүрген жасөспірімдерге қатысты.
«Назар - балаларға!» іс-шарасы ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Полицейлер ата-аналарды балаларының қайда және кіммен уақыт өткізетінін бақылауға шақырады. Балалардың қауіпсіздігі — «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудың негізгі бағыттарының бірі.