
Петропавлда екі үйдің тұрғындарының атынан қала тұрғыны Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығына хат жолдады. Ол барлық көршілерінің атынан қалалық полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановқа алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы жүргізіп отырған жұмысы үшін алғыс білдірді. Екі үй де түнгі уақытта алкоголь өнімдері сатылған сауда нүктесінің маңында орналасқан. Қазір полицейлердің мақсатты жұмысының нәтижесінде бұл жағдай тоқтатылып, айналадағы тұрғындар оң өзгерісті бірден сезінген.
«Ақыры алкоголь өнімдерін тәулік бойы сату тоқтатылды. Соның нәтижесінде, әсіресе түнгі уақытта орын алатын қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері де іс жүзінде күн сайын тіркелмейтін болды. Үйлеріміздің тұрғындары тәртіп орнату үшін патрульдік полиция экипаждарын бірнеше рет шақырды. Полиция полковнигі Әлжановтың қабылдауында екі рет болдым. Әр жолы толық түсіністік танытылды. Қарамағыңыздағы қызметкерлердің кәсіби жұмысы үшін алғыс айтамын!» – делінген хатта.
Бұл – осындай сипаттағы жалғыз мысал емес. Петропавл тұрғыны қиын жағдайдағы жедел көмегі үшін учаскелік полиция инспекторы Шыңғысхан Бекеновке алғысын білдірді. Оның алкогольді асыра пайдалануға бейім қызы бірнеше рет жанжал шығарып, анасына қоқан-лоқы көрсеткен. Полиция қызметкері қажетті шараларды дер кезінде қабылдаған. Мәжбүрлі емдеуден кейін анасы мен қызының қарым-қатынасы біртіндеп түзеле бастаған.
Ал Тайынша ауданының тұрғыны жоғалып кеткен бұзауын іздеуге көмектескен полицейлерге ризашылығын білдірді. Ол учаскелік полиция инспекторы Мэлс Мұхаметғалиев пен аудандық полиция бөлімінің басқа да қызметкерлерінің бейжай қарамағанын ерекше атап өтті. «Көрсеткен көмектеріңіз, назарларыңыз және адамгершілік қарым-қатынастарыңыз үшін әрқайсыңызға шын жүректен алғыс айтамын. Қиын жағдайда арқа сүйейтін адамдардың жанымыздан табылғаны қуантады», – деп жазған ол.
Осындай әрбір пікір полиция қызметінің ашықтыққа, қолжетімділікке және қоғамның қажеттіліктеріне бағдарлануға негізделетінін көрсетеді. Бұл – «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған жұмыстың маңызды бөлігі.