
12 тамызда Мамлютка аудан орталығына қарай келе жатқан жүргізушілер полицейлердің қуғынына куә болды. Қызметтік екі көлік ақ түсті «Нива» автокөлігін қуды. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады.
Полицейлер 42 жастағы жүргізушіні Воскресеновка ауылының маңында ұстады. Оның айтуынша, полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы талабынан «қорқып», бой тасалауға тырысқан. Полицейлердің заңды талабына бағынбағаны үшін оған 3 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылуы мүмкін.
Полиция қызметкерлерінің көлікке назар аударуына оның сыртқы түрі мен мемлекеттік тіркеу нөмірінің сәйкес келмеуі себеп болған. Ер адам көлікті жөндеу кезінде шанақты өз бетінше ауыстырғанын түсіндірді.
Полицейлердің айтуынша, мұндай жағдайда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініп, көлікті қайта тіркеу мәселесін шешуге болатын еді. Енді ауыл тұрғыны полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін ғана емес, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін пайдаланғаны үшін де әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл құқық бұзушылық үшін 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және көлік басқару құқығынан 1 жылға айыру көзделген.
Тәртіп сақшылары барлық автокөлік иелерін құжаттарының талапқа сай болуын қамтамасыз етіп, заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.