Кәмелетке толмаған даяшылар мен өзін «жетіммін» деген оқушы қыз: полицейлер бір түнде нені анықтады

Кәмелетке толмаған даяшылар мен өзін «жетіммін» деген оқушы қыз: полицейлер бір түнде нені анықтады

Петропавл қаласының 17 жастағы тұрғынына «Менің анам жоқ, қайтыс болған, менен бас тартқан» деген сөзден «Анашым, келіп мені алып кетші» деген өтінішке көшу үшін бар болғаны бір сағат жеткілікті болды...

Жазғы демалыс кезеңінде ювеналдық полиция қызметкерлері балалар еңбегін заңсыз пайдаланудың және жасөспірімдердің түнгі уақытта себепсіз жүруінің алдын алу мақсатында күшейтілген түнгі рейдтер өткізуде. Ерекше бақылауда – ойын-сауық орындары, компьютерлік клубтар мен саябақтар.

Кафелердің бірінде тәртіп сақшылары бірден кәмелетке толмаған үш даяшыны анықтады: екі мектеп оқушысы мен колледж студенті. Үшеуі де 17 жаста болғанымен, жастардың дұрыс дамуына қолайлы жағдай қалыптастырмайтын мекемеде түнгі уақытта жұмыс істеген. Кафе иесі түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың мекемеде болуына жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жиналған материалдар еңбек инспекциясына жолданды.

Полицейлер түнгі көшеден тағы бір мектеп оқушысын анықтады. 17 жастағы қыз анасы өзін тастап кеткенін айтып, онымен байланыса алмайтынын алға тартып, жауапкершіліктен құтылмақ болған. Алайда Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілгеннен кейін оның анасына деген көзқарасы күрт өзгерді. Қыз үйіне телефон шалып, өзін орталықтан алып кетуді өтінді. Белгілі болғандай, анасы қызының түнгі уақытта үйден тыс жүруіне алғаш рет жол беріп отырған жоқ. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Жалпы бір түн ішінде Петропавл қаласында ювеналдық полиция қызметкерлері 12 түрлі құқық бұзушылықты анықтады. Мұндай рейдтердің басты мақсаты – жазалау емес, кәмелетке толмағандардың өміріне, денсаулығына және амандығына қауіп төндіруі мүмкін жағдайлардың алдын алу.