
Солтүстік Қазақстан облысында күшейтілген рейдтердің алғашқы түнінде полицейлер мас күйде көлік басқарған төрт жүргізушіні ұстады. Өңірде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
Жаз мезгілі – демалыс кезеңі. Осы уақытта жолдардағы көлік қозғалысы артып, жаппай демалыс орындарының маңында жаяу жүргіншілер көбейеді, балалар велосипедті жиі пайдаланады. Осыған байланысты полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында күшейтілген шаралар қабылдауда. Негізгі назар жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзу фактілерінің жолын кесуге аударылған.
Жазғы уақытта демалысқа немесе туыстарына алыс жолға шығатын жүргізушілер саны артатындықтан, қала сыртындағы автожолдар да ерекше бақылауда. Сонымен қатар ауыл тұрғындары жүк тасымалымен белсенді айналысады. Мәселен, Ақжар ауданында полицейлер 45 жастағы жергілікті тұрғын басқарған «Volkswagen» автокөлігін тоқтатып, онда ілеспе ветеринариялық құжаттарсыз тасымалданып жатқан екі жылқының ұшасын анықтады. Қазіргі уақытта полицейлер еттің ұрланған малға тиесілі еместігін тексеріп жатыр.
Айта кету керек, мұндай жағдайлар сирек емес. Екі күн бұрын осы ауданда «Nissan» автокөлігінің тіркемесімен жеті қой тасымалданғаны анықталса, Ғ. Мүсірепов ауданында тәртіп сақшылары жүк салғышында екі сиыры бар «Mercedes» жүк көлігін тоқтатқан. Екі жағдайда да мал ұрлығы болуы мүмкін деген күдікті жоққа шығару үшін тексеру жүргізілді. Жүргізушілер ветеринариялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы бір түн ішінде Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзудың 18 фактісін анықтады.