10 шілдеден бастап Астана — Көкшетау — Петропавл тасжолында орташа жылдамдықты автоматты бақылау жүйесі іске қосылады

10 шілдеден бастап Астана — Көкшетау — Петропавл тасжолында орташа жылдамдықты автоматты бақылау жүйесі іске қосылады

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ хабарлады.

Жаңа жүйе республикалық маңызы бар «Астана — Көкшетау — Петропавл» автожолының Драгомировка — Астраханка және Астраханка — Бескөл учаскелерінде жұмыс істейтін болады.

Кәдімгі камералар көлік жылдамдығын бір нүктеде ғана тіркесе, бұл жүйе екі бақылау нүктесінің арасындағы жолды жүріп өту уақытына қарай көліктің орташа жылдамдығын есептейді. Бұл көлік жүргізушісінің тек камераның алдында емес, бүкіл учаске бойындағы қозғалыс тәртібін бағалауға мүмкіндік береді.

Полиция мен «ҚазАвтоЖол» өкілдерінің айтуынша, жаңашылдықтың басты мақсаты – айыппұл санын көбейту емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және апаттылық деңгейін төмендету. Талдау нәтижелері көрсеткендей, жылдамдықты шамадан тыс арттыру ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала береді.

Құқық бұзушылықтарды тіркеу және нұсқамаларды рәсімдеу толықтай автоматты түрде жүзеге асырылады, бұл адам факторын болдырмайды.

СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін сақтауға, қауіпті маневрлерден бас тартуға және жолдағы қауіпсіздік әрбір қозғалысқа қатысушының тәртібіне байланысты екенін есте сақтауға шақырады.