
Петропавл қаласындағы И. Шухов атындағы Орталық қалалық кітапханада аға буынға құрмет дәстүрін жаңғырту және Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» бастамасын іске асыру аясында полиция ардагерлері мен жас қызметкерлердің кездесуі өтті.
Жас Заң мен Тәртіп сақшылары Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Тілек Абдрахмановтың, ішкі істер органдарының ардагерлері Шегебай Нұрғожин мен Ерсайын Сембиннің тағылымды өсиеттерін тыңдады. Ардагер Балтабай Ғалиақпаров өз өмір жолынан мысал келтіріп, тұлғаның рухани-адамгершілік қалыптасуында өзінің жеті атасын білудің маңызын айтып берді.
Еркін форматта өткен кездесуде ардагерлер дүниетанымына ықпал етіп, қызмет барысында пайдасын тигізген кітаптар туралы әңгімеледі. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті басшылығының өкілдері кітапхана қорын толықтыру мақсатында кітаптар тарту етті.
Осындай кездесулер жас қызметкерлердің дүниетанымын кеңейтуге, сыни ойлау қабілетін дамытуға және әдебиет арқылы ұлттық құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді.
Бұл бір реттік шара емес. Солтүстік Қазақстан полицейлері әлеуметтік желілердегі кітап оқу трендін де қолдады. СҚО ПД бастығы Абай Жүсіпов (оның таңдауы – Александр Бектің «Волоколам тас жолы» романы) және басқа да полиция қызметкерлері өздерінің сүйікті кітаптары туралы айтып берді. Бұл бастама кітап оқудың кәсіби әрі тұлғалық дамудың маңызды бөлігі болып қала беретінін көрсетуге бағытталған.