Болашағының орнына – есірткі: Петропавлда интернет-дүкенге жұмыс істеді деген күдікпен екі адам ұсталды

Болашағының орнына – есірткі: Петропавлда интернет-дүкенге жұмыс істеді деген күдікпен екі адам ұсталды

Петропавл қаласында синтетикалық есірткі таратумен айналысты деген күдікпен екі адамның заңсыз әрекеті тоқтатылды. Олар – 25 жастағы жігіт пен 18 жастағы бойжеткен. Тергеу нұсқасы бойынша, олар есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкеннің тапсырмаларын орындаған.

Ұстау кезінде күдіктілер полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған. Жігіт қашып кетуге әрекет жасап, азық-түлік дүкеніне кіріп, тәртіпсіздік жасап, ұнтақ тәрізді заты бар ораманы лақтырып жібермек болған.

Сараптама қорытындысына сәйкес, ұсталған сәтте жігіт есірткілік масаң күйде болған. Ал биыл ғана кәмелетке толған бойжеткен алкоголь мен түрлі күшті әсер ететін заттарды қолдануына байланысты Психикалық денсаулық орталығында есепте тұр.

Жедел іс-шаралар барысында полицейлер жалпы салмағы шамамен 160 грамм болатын «спайс» психотроптық заты салынған 11 «мастер» деп аталатын жасырын қойманы анықтап, тәркіледі. Екі күдікті де қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Полицейлер есірткі бизнесіндегі «оңай табыс» туралы уәделердің соңы әрдайым қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салады. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары есірткі жеткізудің 15 арнасын анықтап, жолын кесті.