Қауіпті «дрифт» – алты айға жүргізуші куәлігінен айырылды: Петропавлда полицейлер жас жүргізушіні жауапкершілікке тартты

Қауіпті «дрифт» – алты айға жүргізуші куәлігінен айырылды: Петропавлда полицейлер жас жүргізушіні жауапкершілікке тартты

Петропавл қаласында сағат 15:30 шамасында Интернациональная мен Жамбыл көшелерінің қарқынды қозғалысы бар қиылысында BMW автокөлігінің жүргізушісі оңға бұрылу кезінде «дрифт» жасаған. Соның салдарынан көлік қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін еді. Өз жолағына қайта оралуға әрекеттенген жүргізуші басқа көліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына да кедергі келтірген.

Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері бейнебақылау инспекторларымен бірлесіп, құқық бұзушының қозғалысын тоқтатты. Оның 22 жастағы қала тұрғыны екені анықталды. Оған қатысты қарсы қозғалыс жолағына шығу фактісі бойынша әкімшілік материал жиналды. Әкімшілік сот жас жүргізушіні 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

Сонымен қатар тексеру барысында жүргізушінің мамыр айында шығару жүйесін заңсыз қайта жабдықтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Алайда ол заң бұзушылықты жоймаған. Бір жыл ішінде қайталап жасалған мұндай құқық бұзушылық үшін заңнамада 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер 120 мыңнан астам жол қозғалысы қағидаларын бұзу фактісін анықтады. Оның ішінде 90 қарсы қозғалыс жолағына шығу, 1084 жаяу жүргіншілерге жол бермеу фактісі тіркелді. Бұдан бөлек, 594 мас жүргізуші ұсталды. Ең көп құқық бұзушылық аппараттық-бағдарламалық кешендердің көмегімен анықталды – олардың көмегімен жылдамдық режимін бұзудың 70 мыңға жуық фактісі тіркелген.

Полицейлер жол қозғалысына қатысушылардың барлығын Жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және жолдағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге шақырады.