
Қазақстанда алғаш рет «ҚыздарНет» сайты арқылы жезөкшелікті ұйымдастыруға жәрдемдесумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен қатысушылары қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті тергеу бөлімшелерінің қызметкерлері соңғы жылдары тыйым салынған веб-ресурстың қызметіне байланысты жеңгетайлық дерегі бойынша 5 қылмыстық істі сотқа жолдағандарын айтты. Осы қылмыстық істердің материалдарын талдау қылмыстық желінің жұмыс істеу схемасын анықтауға және қылмыстық ұйымның келесі деңгейіне шығуға мүмкіндік берді.
Қылмыстық іс 2025 жылғы мамыр айында тіркелді. Ведомствоаралық тергеу-жедел тобының құрамына Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті мен Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері кірді. Жұмыс Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілді.
Тергеу бұрын-соңды болмаған ауқымда жүргізілді. Тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары барысында цифрлық іздер зерттеліп, криптовалюта қолданылған транзакциялар мен халықаралық серверлік инфрақұрылым арқылы жүргізілген операциялар бақыланды.
Өткен жылдың шілде айында Астана қаласы мен Қазақстанның басқа да қалаларында жүргізілген арнайы операция нәтижесінде алты күдікті ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, олар ел аумағында жезөкшелікпен айналысатын адамдардың жарнамасының жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, сайтты әкімшілендірген, сондай-ақ сайт ұйымдастырушыларының мүддесіне криптовалютамен операциялар жүргізген.
Тергеу әрекеттері 8 ай бойы жүргізілді. 2026 жылғы 19 маусымда Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі алты қатысушысына қатысты айыптау үкімін шығарды. Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 264-бабының 1-бөлігі және 309-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Ал іс бойынша айыпталушылардың бірі бұған қоса Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабының 2-бөлігі және 218-бабының 1-бөлігі бойынша да сотталды.
Ұйымдастырушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды, ал бес негізгі менеджердің әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Осы қылмыстық іс бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасуда. Сайт қызметіне қатысы бар тағы бір қыз Грузияда ұсталды, қазіргі уақытта оны Қазақстанға экстрадициялауға дайындық жүргізілуде. Жедел уәкілдер, тергеушілер мен криминалистер қылмыстық схеманың барлық қатысушыларын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.