СҚО-да кафе иесі алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензиясынан өмір бойына айырылды

СҚО-да кафе иесі алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензиясынан өмір бойына айырылды

Алкоголь өнімдерінің айналымына қатысты заңнаманы қайталап бұзу Мағжан Жұмабаев ауданындағы кафе иесі үшін ірі айыппұлмен ғана емес, алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензиясынан өмір бойына айырылумен аяқталды. Соның салдарынан кәсіпкер бизнесін сатуға мәжбүр болды. Жаңа иесі құжаттарды ретке келтіргенімен, мекеме бұрынғыдай полицияның ерекше бақылауында қалып отыр, өйткені онда қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері бірнеше рет тіркелген.

Жыл басынан бері ауданның сегіз қоғамдық тамақтану орнында алкоголь өнімдерін түнгі уақытта немесе 21 жасқа толмаған адамдарға сату фактілері анықталды. Осыған байланысты олардың алкоголь өнімдерін өткізуге берілген лицензияларының қолданылуы бір ай мерзімге тоқтатылды.

«Қаңтар айынан бері ауданда мас күйінде жасалған 11 қылмыс тіркелді, — дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамов. — Алкоголь заңнамасын бұзуға қарсы күшейтілген жұмыс — құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды бағыты. Алты ай ішінде полиция қызметкерлері үй жағдайында немесе лицензиясыз алкоголь өнімдерін сатудың 12 фактісінің жолын кесті. Заңсыз айналымнан 200 литрден астам, оның ішінде контрафактілік алкоголь өнімдері тәркіленді. Алкогольге тәуелділіктен мәжбүрлі емделуге 8 адам жіберілді».