
Шілде айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Ұлттық домбыра күніне орай Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің 40-қа жуық қызметкері Qyzyljar Creative Center орталығында өткен мерекелік іс-шараға қатысты. Шара қазақ халқының басты ұлттық құндылықтарының бірі – домбыраға арналды.
СҚО ПД бастығының орынбасары Абылғазы Ғабдуллин ұлттық құндылықтарды сақтау, Қазақстанның тарихына, мәдениеті мен рухани мұрасына құрметпен қарау полиция қызметкерлерін патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.
Қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Қайролла Ғафуров ұлттық мәдениеттің қазақстандық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызы туралы әңгімеледі.
Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртістері Нариман Жолдасбеков пен Бәйімбет Құбайдолла көпшілікке кеңінен танымал күйлерден попурри орындады. Сонымен қатар Новопокровка орта мектебінің түлегі, домбырашы әрі суретші Никита Скоба Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Осындай кездесулер ұлттық дәстүрлерге деген құрметті сақтауға, патриоттық құндылықтарды нығайтуға және Заң мен Тәртіпке қызмет етудің Қазақстанның тарихына, мәдениеті мен рухани мұрасына деген құрметпен тығыз байланысты екенін тағы бір мәрте еске салады.