
Петропавл қаласында полицейлер Ақмола облысының 37 жастағы тұрғынын ұстады. Ол шамамен үш ай бойы есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкеннің пайдасына жұмыс істеді деген күдікке ілінді. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, күдікті есірткіні тасымалдаушы әрі жасырын орындарға қалдырушының міндетін атқарған.
Жеке тінту барысында полицейлер оның жанынан ішінде ұнтақ тәрізді зат салынған бірнеше орамасы бар бес пакетті тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 300 грамнан асатын α-PVP синтетикалық есірткісі екені анықталды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Оған 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер заңсыз айналымнан 7 келі 700 грамм синтетикалық есірткіні тәркіледі.