Петропавлда түнгі рейдтер: полицейлер кәмелетке толмағандарды тиісті бақыламау фактілерін анықтады

Петропавлда түнгі рейдтер: полицейлер кәмелетке толмағандарды тиісті бақыламау фактілерін анықтады

Анасы кәмелетке толмаған қызының алкогольдік ішімдік ішуіне жол берген — полицейлер оны түнгі дүкендердің бірінен анықтады. Тағы бір ата-ана түнгі уақытта баласының қайда жүргенін бақыламаған. Осындай құқық бұзушылықтар Петропавлда профилактикалық рейд барысында анықталды.

Рейдтік іс-шараны полиция қызметкерлері мемлекеттік еңбек инспекторымен бірлесіп өткізді. Негізгі мақсат — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және балалар еңбегінің пайдаланылуына жол бермеу.

Тәртіп сақшылары профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдерді, сондай-ақ әлеуметтік қауіпті жағдайда тұрған отбасыларды тексерді. Ерекше назар жастар көп жиналатын орындарға: саябақтарға, сауда үйлеріне, компьютерлік клубтарға және ойын-сауық орындарына аударылды.

Жұмыс берушілерге, кәмелетке толмағандарға және олардың заңды өкілдеріне Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптары түсіндірілді. Ойын-сауық орындарының әкімшілігімен кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22:00-ден кейін мұндай орындарда болуына жол берілмейтіні туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Полицейлер еске салады: балалардың қауіпсіздігі көп жағдайда ата-аналардың қырағылығы мен жауапкершілігіне байланысты. Баланың қайда жүргенін, бос уақытын және араласатын ортасын бақылау құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі.