Медициналық спирт – қауіп факторы: Петропавл полицейлері алкогольге байланысты қылмыстардың алдын алу шараларын талқылады

Медициналық спирт – қауіп факторы: Петропавл полицейлері алкогольге байланысты қылмыстардың алдын алу шараларын талқылады

Арақ жетпесе – дәріханадан медициналық спирт сатып алады. Алкогольге тәуелді адамдар медициналық спиртті мақсатына сай пайдаланбайтын жағдайлар жиі кездеседі, ал бұл ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Мәселен, мамыр айында Петропавлдағы қараусыз қалған үйлердің бірінде екі 52 жастағы ер адам дәріханадан сатып алынған сұйылтылған медициналық спиртті ішкен. Олардың арасында туындаған жанжал төбелеске ұласып, соның салдарынан біреуі ауыр дене жарақатын алды. Ал наурыз айында Жуков көшесіндегі пәтерлердің бірінде орын алған осындай жағдай екі ішімдік ішушінің бірінің қаза болуымен аяқталды.

Осындай фактілердің алдын алу мақсатында Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Серік Әлжанов дәріхана басшыларымен кездесу өткізді.

Ол алкогольді шамадан тыс тұтыну қылмысқа итермелейтін негізгі факторлардың бірі болып қала беретінін атап өтті. Жыл басынан бері қалада алкогольдік масаң күйде 144 қылмыс жасалған. Екі мыңнан астам адам алкоголь өнімдерін ішкені және қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Созылмалы маскүнемдікке шалдыққан 1300-ден астам тұрғын профилактикалық есепте тұр.

Полицейлер дәріхана қызметкерлерін медициналық спиртті сатуға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ дәріханаларға құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қажет болған жағдайда күдіктілердің жеке басын анықтауға көмектесетін сапалы бейнебақылау камераларын орнату ұсынылды.

Полицияда алкогольге байланысты қылмыстардың деңгейін құқық қорғау органдарының, медицина қызметкерлерінің, бизнес өкілдерінің және қала тұрғындарының бірлескен күш-жігерімен ғана төмендетуге болатынын атап өтті.