СҚО полицейлері жасөспірімге ұрланған велосипедін қайтарып берді

СҚО полицейлері жасөспірімге ұрланған велосипедін қайтарып берді

Петропавлдық жасөспірімнің жазғы демалысы велосипедінің ұрлануына байланысты көңілсіз оқиғамен басталуға шақ қалды. Алайда полицейлердің жедел әрекетінің арқасында оның «темір тұлпары» табылып, заңды иесіне қайтарылды.

20 маусым күні «102» арнасына «Skillmax» маркалы велосипедтің ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Жасөспірім велосипедін Партизанская көшесіндегі жеке секторда қараусыз қалдырған. Қайтып келгенде, ол орнында болмаған. Келтірілген материалдық шығын 60 мың теңгені құрады.

Полицейлер ұрлықты ізін суытпай ашты. Күдікті бұрын сотталған, 38 жастағы Петропавл тұрғыны болып шықты. Оның айтуынша, велосипед иесіз қалған деп ойлап, иесінің келуін бір тәулік бойы күткен. Кейін оны кездейсоқ сатып алушыға сатып жіберген.

Полицейлер ұрланған мүліктің орналасқан жерін анықтап, велосипедті тәркілеп, жасөспірімге қайтарып берді. Ал сатып алушы сатып алған велосипедінен де, оған төлеген ақшасынан да айырылды. Ол өз қаражатын азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен өндіріп ала алады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полицейлер велосипедті тіпті қысқа уақытқа да қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ сенімді ұрлыққа қарсы құралдарды пайдалануға кеңес береді. Қолдан велосипед сатып аларда оның заңды шығу тегіне көз жеткізу қажет. Егер велосипедтің ұрланғаны анықталса, ол тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылады.