
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының қызметкерлері Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, ведомствоаралық форматта «Қауіпсіз жаз» профилактикалық акциясын өткізді.
Іс-шараны өткізу орны ретінде қоғамдық көлік таңдалды. Полицейлер мен құтқарушылар жолаушыларға жадынамалар таратып, жаз мезгілінде қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектесетін қарапайым қауіпсіздік қағидаларын еске салды. Балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу және су айдындарындағы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Акцияға қатысушылар масаға қарсы торлардың құлаудан қорғамайтынын еске салып, сондықтан терезелерді арнайы бұғаттағыштармен немесе ашылуын шектейтін құрылғылармен жабдықтауға кеңес берді. Сондай-ақ ата-аналарды балаларды ашық терезенің жанында қараусыз қалдырмауға шақырды.
Бұдан бөлек, қызметкерлер су жағасында қауіпсіз демалу қағидаларын түсіндірді: тек арнайы жабдықталған орындарда шомылу, балаларды қысқа уақытқа болса да қараусыз қалдырмау және жүзу құралдарында болған кезде құтқару кеудешелерін пайдалану қажеттігін атап өтті.
Полицейлердің айтуынша, балалардың қауіпсіздігі ересектердің мұқияттылығынан басталады, ал қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтау баланың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі.