Петропавлда сағат 23:00-ден кейін бір бөтелке арақ сатқан кәсіпорынға 500 мың теңгеден астам айыппұл салынды

Петропавлда сағат 23:00-ден кейін бір бөтелке арақ сатқан кәсіпорынға 500 мың теңгеден астам айыппұл салынды

Петропавлдағы сауда орындарының бірінде қарапайым сатып алушы кейпінде кезекте тұрған полиция қызметкері бір бөтелке арақтың сатылу фактісіне куә болды. Оқиға шамамен сағат 23:00-де болған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құрамында спирті жоғары алкоголь өнімдерін сағат 21:00-ден келесі күнгі сағат 12:00-ге дейін алып шығу үшін сатуға тыйым салынады. Сатып алушы алкоголь өнімін сатып алып, дүкеннен шыға берген сәтте полиция қызметкері учаскелік полиция инспекторын шақырды.

Жиналған материалдар сотқа жолданды. Кәсіпорын өкілі ғимаратта кафе жұмыс істейтінін және сатушының сатып алушыға алкоголь өнімін тек сол жерде тұтынуға болатынын ескерткенін мәлімдеді. Алайда сот алкоголь өнімінің іс жүзінде алып шығу үшін сатылғанын негізге алды. Нәтижесінде кәсіпорынға 519 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензияның қолданылуы бір ай мерзімге тоқтатылды.

Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Серік Әлжанов кәсіпкерлермен кездесулер барысында алкоголь өнімдерін өткізуге қатысты заңнама талаптарын тек формальды түрде сақтауға болмайтынын бірнеше рет атап өткен болатын. Қалада жасалатын әрбір төртінші қылмыс орта есеппен алкогольдік масаң күйде жасалады. Биылғы жылдың басынан бері алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын бұзудың 67 дерегі және тиісті рұқсатсыз сауда жасаудың 29 фактісі тіркелді. Оның ішінде 8 құқық бұзушылық кафе мен барларда анықталды. Осындай әрбір заң бұзушылық ауыр қылмыстардың жасалуына түрткі болуы мүмкін. Полицейлер мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.