
Петропавл қаласының тұрғыны полицияға 13 жастағы ұлының велосипеді ұрланғаннан кейін жүгінді. Бала «Жеңіс» спорт кешенінің маңында велосипедін құлыптамай қалдырған. Бейнебақылау камераларына құны 40 мың теңге тұратын «Larsen» маркалы велосипедті алып кеткен адамның әрекеті түсіп қалған.
Ұрлық «ізін суытпай» ашылды. Полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол 54 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Велосипед оның үйінен тәркіленді. Қажетті тергеу әрекеттерінен кейін тәртіп сақшылары велосипедті жасөспірімге қайтарып, оған жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың және жеке мүлкінің сақталуына жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндірді.
Полицейлер велосипедтерді қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Егер ондай қажеттілік туындаса, оларды бейнебақылау камераларының көру аймағында қалдырып, міндетті түрде сенімді құлыптау құрылғыларын пайдалану қажет. Бұл көптеген жағдайда ұрлықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жалпы, биылғы жазда Петропавл қаласында велосипед ұрлығының 23 дерегі тіркелді. Қазіргі уақытта олардың 22-сі ашылды.